Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы тесттердің сапасы тексеріліп жатқанын мәлімдеді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы «белгісіз» пневмония коронавирус болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Deutsche Welle.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан Женевада өткен конференцияда Қазақстандағы пневмонияның өршуін коронавирустың дұрыс анықталмауымен түсіндірді. Бейсенбі күні Қазақстандағы Қытай елшілігі өз азаматтарын маусым айында Қазақстанда белгісіз пневмониядан көз жұмып жатқандар көп екенін және бұл коронавирустан да қауіпті екенін ескертті. Ал Қазақстан бұл жаңалықты фейк деп мәлімдеді», - деп жазады басылым.
Майкл Райанның айтуынша, ДДСҰ өкілдері Қазақстан билігімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, пневмониямен ауырып жатқандардың рентген суреттерін зерттеп, оның COVID-19 вирусына сәйкестігі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар ДДСҰ тестілеу жүйесі мен сапасын тексеріп, тест нәтижесінің жалған болу мүмкіндігін анықтамақ.
«ДДСҰ пневмонияның өршуі COVID-19 диагнозының дұрыс қойылмауынан болуы мүмкін деп болжап отыр. 2020 жылдың алғашқы жарты жылында Қазақстанда пневмониядан 1772 адам, ал маусым айында 628 адам көз жұмған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, республикада COVID-19 симптомы бар науқастарда тест теріс нәтиже берсе, бұл жағдайлар пневмонияға жатқызылып жүр», - деп жазады басылым.