Петропавлда жасөспірім мектепке жасалуы мүмкін шабуылдың алдын алу үшін 50 мың теңге талап еткен

Автор: Асыл Арман

Полицияның мәліметінше, оқушының мінез-құлқында осыған дейін де қиындықтар болған

Фото: Видеодан скрин

Петропавлда 15 жастағы жасөспірім қатарластарын қорқынышты хабарламамен үрейлендіріп, дүрбелең туғызды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

9-сынып оқушысы таныстарына мәтіндік хабарлама жіберіп, олардың оқу орнына қарулы шабуыл жасалуы мүмкін екенін айтып, «проблеманы шешу» үшін 50 мың теңге талап еткен. Хабарламаның соңында ол «түсіністік танытқаныңыз үшін рақмет» деп жазған.

Мектеп оқушылары бұл оқиғаны мұғалімге хабарлаған, кейін құқық қорғау органдары іске араласты. Тексеру барысында жасөспірімнің бұрын сол лицейде оқығаны анықталды.

Полицияның мәліметінше, оқушының мінез-құлқында осыған дейін де қиындықтар болған. Түнгі уақытта көшеде үлкендердің қарауынсыз, жалғыз серуендеп жүрген, осы себепті анасы ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылған.

«Қазіргі уақытта жасөспірімдерді қарау және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материалдар жинақталып жатыр. Сондай-ақ, девиантты мінез-құлыққа бейім жасөспірімдерді арнайы білім беру ұйымына бағыттау мәселесін қарастыру үшін қажетті құжаттар дайындалуда», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметінің қызметкері Юрий Клыков.