Қалың қар, екпінді жел, 40 градусқа дейін аяз болады
Қазақстанның бірнеше өңірінде 26 ақпанда қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, ел аумағында қар, жауын-шашын, көктайғақ, тұман және екпінді жел күтіледі. Кей өңірлерде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, кей тұста 23–29 м/с-қа жетуі ықтимал.
Жетісу облысында облыстың шығысы мен орталығында, таулы аудандарда кей уақытта қалың қар жауып, көктайғақ болады. 26–27 ақпанда тұман түсіп, солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Талдықорғанда 26 ақпанда тұман мен көктайғақ күтіледі.
Қызылорда облысында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанып отыр. Түнде және күндіз кей аудандарда қатты жауын-шашын, бұрқасын, көктайғақ және тұман болады. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Қызылорда қаласында да 26 ақпанда қар, жаңбыр, көктайғақ және тұман болжанып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында түнде облыстың солтүстігі мен шығысында ауа температурасы 40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Тұман түседі.
Абай облысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Аягөз ауданында желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Ақтөбе облысының оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Желдің екпіні 15–18 м/с.
Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында қар, жаяу бұрқасын, көктайғақ және тұман болжанып отыр. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады. Кей аудандарда найзағай ойнап, көктайғақ пен тұман түседі. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы 4–9 градус жылы, солтүстік және таулы өңірлерде 2 градус аяз болады. Шымкентте 26 ақпанда жаңбыр, тұман, желдің екпіні 15–20 м/с, ауа температурасы 7–9 градус жылы. Түркістан қаласында күндіз 5–7 градус жылы болады.
Жамбыл облысында түнде қалың қар жауып, таулы аудандарда бұрқасын соғады. Желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Таразда тұман мен көктайғақ күтіледі.
Алматы облысында солтүстікте қалың қар, ал оңтүстігі мен тау етегінде мұзды жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр. Кей аудандарда тоқтаусыз қар жауып, көктайғақ пен тұман болады. Желдің екпіні 24–29 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Алматыда 26 ақпанда мұзды жаңбыр, қар, тұман және көктайғақ күтіледі. Қонаевта желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарды сақ болуға, жолда және ашық аумақта қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.