Аудан-ауылдарда үгіт-насихат шаралары жалғасуда

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жалпыұлттық коалиция белсенділері ақпараттық науқанды аудандарда жалғастыруда

Фото: жалпыұлттық коалиция

​«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция белсенділері аудан орталықтары мен шалғай елді мекендерде үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

​Еліміздің барлық өңірін қамтыған ақпараттық науқанның ауқымы күн санап кеңейіп келеді. Түсіндіру жұмыстары енді ауыл-аймақтарға дейін жетіп, өңірлерде «Есіктен есікке» акциясы бастау алды. Сонымен қатар, коалиция құрамындағы республикалық жастар ұйымдары жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында арнайы кездесулер өткізіп, референдумның мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіруде.

​Жалпыұлттық коалиция штабының мүшесі, Абай облыстық «Жастар Рухы» төрағасы Темірлан Бақтияров науқанның Жаңасемей ауданына қарасты Жарқын ауылында жалғасып жатқанын атап өтті.

​«Коалиция белсенділері облыс орталықтары мен қалалардан бөлек, аудан және ауыл тұрғындарын да толық қамтуға басымдық беріп отыр. Бүгін Жарқын ауылында халықпен жүздесіп, алдағы референдумның тарихи маңызын және ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірдік. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап беріліп, ашық пікір алмасу ұйымдастырылды», – деді ол.

​Науқанға коалиция құрамына енген республикалық жастар бірлестіктері де белсенді атсалысуда. Атап айтқанда, «Жастар Рухы» жастар қанаты, «Esbol Qory», «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымы, «Жасыл ел» республикалық жастар еңбек жасағы және «Ауыл жастары» қанатының жетекшілері бастаған топ Көкшетау қаласында ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді.

​Сондай-ақ, акция аясында бастау алған «Есіктен есікке» бастамасы арқылы тұрғындармен жеке кездесулер ұйымдастырылып, әр азаматқа референдум төңірегіндегі өзгерістер кеңінен баяндалуда. Қосымша ақпараттық парақшалар таратылып, ұсыныстар мен пікірлер назарға алынуда.

​Жамбыл облысы Талас ауданы Көктал ауылының тұрғыны Бибіжан Таспанқызы науқан жөнінде ойын ортаға салды:

​«Жастардың ауылымызға арнайы келіп, әр бағытты қарапайым тілмен түсіндіріп бергені қуантады. Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алдық. Осындай ашық кездесулер халықтың саналы шешім қабылдауына көмектеседі деп ойлаймын», – деді ол.

​Қазіргі таңда коалиция мүшелері аймақтардағы түсіндіру кездесулерін одан әрі жалғастыруда. Референдум қарсаңында еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және жергілікті тұрғындармен жүздесулер өткізу арқылы ашық диалог алаңдарын кеңейту жоспарланған. Басты мақсат – әр азаматтың жан-жақты ақпарат алып, ел болашағына қатысты шешімді жауапкершілікпен қабылдауына мүмкіндік жасау.