Семейде әйел адамның қыр-соңынан қалмай, әбден мазасын алған сталкерге үкім шықты

Автор: Асыл Арман

Ол әйел адамға жан-жақты қысым көрсеткен

Фото: istockphoto.com

Семей қаласында сот бірнеше ай бойы әйел адамды оның бірнеше рет бас тартқанына қарамастан аңдыған 31 жастағы ер адамға жаза тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы төрт ай бойы жәбірленушіге жүйелі түрде хабарламалар жазып, қоңырау шалған, оның үйі мен жұмыс орнына барған, сондай-ақ туыстары арқылы ықпал етуге тырысқан. Мессенджерлерде бұғатталғанына және абоненттік нөмірлері  ауыстырылғанына қарамастан, ер адам байланыс орнатуға тырысуды тоқтатпаған. Осылайша жәбірленушіге психологиялық қысым көрсеткен.

Қудалау фактілері тіркелгеннен кейін қылмыстық іс бір тәулік ішінде сотқа жолданды. Сот талқылауы барысында айыпталушының кінәсі дәлелденді.

«Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оның мінез-құлқына 10 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді.

Құқық қорғау органдары маза бермей қудалау мен психологиялық қысымның қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салады және азаматтарға өз құқықтарын қорғау үшін уақытылы жүгінуге кеңес береді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.