Қарағандыда жаңа Конституцияға қолдау күшейді: жұмысшы отбасының әлеуметтік тұрақтылығы Ата заңда бекітілмек

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ерлан Қошанов бастаған коалиция өңір жұртшылығымен кездесіп, Халық кеңесін құру бастамасын түсіндірді

Фото: Әли Ғалым, Талғат Тыныбаев

Қарағанды облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері жұртшылықпен бірқатар кездесу өткізіп, жаңа Ата заң жобасының негізгі нормаларын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен өткен сапар аясында коалиция өкілдері қоғам қайраткерлерімен, профессорлық-оқытушылық құраммен, студенттермен, шахтерлермен, мәдениет қайраткерлерімен және ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесулер барысында қарағандылықтар Конституцияның жаңартылған жобасын қолдайтындарын білдірді.

Алғашқы талқылау Қарағанды облысының жұртшылығымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен өтті. Достық үйінде 200-ге жуық адам – этномәдени бірлестіктер өкілдері, мәслихат депутаттары, пікір көшбасшылары бас қосты. Күн тәртібінде билік тармақтарын жаңғырту, этносаралық келісімді сақтау, қоғамдық келісім институттарын трансформациялау және жаңа консультативтік орган – Халық кеңесін құру мәселелері көтерілді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың мәліметінше, жаңа Конституция қоғамды әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндік қағидаттары негізінде топтастыруға бағытталған.

«Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту жолындағы басты міндет – мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын және тұтастығын қамтамасыз ету. Бұл мәселе жаңа Ата заң жобасында нақты көрсетілген. Онда билік институттарының құзыреттері мен функциялары айқын әрі нақты белгіленіп, олардың арасындағы теңгерім толық сақталған. Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда Президенттік басқару формасы сақталады. Мемлекет басшысы Конституцияның кепілі болып, мемлекеттік аппараттың үздіксіз, үйлесімді әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді», – деді Ерлан Қошанов.

Оның айтуынша, құжат президенттік реформалардың жүйелі жалғасы әрі кең қоғамдық талқылаудың нәтижесі болып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жаңа Конституция этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтатынын атап өтті. «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидатын бекітіп, этносына немесе өңіріне қарамастан барша азаматтардың мүмкіндіктерінің теңдігіне кепілдік береді.

Өңірлік коалиция мүшесі, «Вайнах» бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев Қарағандының тарихи тұрғыда көпэтносты аймақ екенін айтты. Бүгінде мұнда 60-тан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның пікірінше, Халық кеңесінің құрылуы қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты күшейтуге мүмкіндік береді.

Талқылау Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде жалғасты. 500-ге жуық адам қатысқан кездесуде жаңа Конституцияның тарихи маңызы, білім мен ғылымның ел дамуына қосатын үлесі сөз болды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, жаңа Ата заң жобасында ғылым мен білім алғаш рет ел дамуының басым бағыты ретінде айқындалған.

«Qarmet» кәсіпорнында өткен кездесуде шахтерлер мен металлургтердің кәсіподақ өкілдері құжаттағы әлеуметтік басымдықтарға тоқталды. Олар Конституциядағы «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасын қолдайтынын жеткізді. Еңбек адамдарының пікірінше, тыныштық пен тұрақтылық, ертеңгі күнге сенім, отбасының амандығы мен әл-ауқаты – негізгі құндылықтар. Жаңа редакцияда жұмысшылар отбасының әлеуметтік тұрақтылығына қолдау көрсету және қорғау жөніндегі нормалардың бекітілуі ерекше аталды.

Шығармашылық қауыммен өткен кездесуде мәдени мұраны сақтау, тарихи сабақтастықты жалғастыру және дәстүрлі құндылықтарды конституциялық деңгейде бекіту мәселелері қозғалды.

Сапар Бұқар-Жырау ауданына қарасты Гагарин ауылында қорытындыланды. Ауыл тұрғындарымен кездесуде адамның өмірі мен қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде бекіту нормасы талқыланды. Бұл білім алу, медициналық қызметке қол жеткізу және әлеуметтік қорғау кепілдіктерін нығайтуға бағытталғаны айтылды. Сонымен қатар ауылды дамыту, аграрлық секторды, кәсіпкерлік пен жастарды қолдау мемлекеттік міндет ретінде белгіленетіні атап өтілді.

Кездесулер қорытындысында Қарағанды облысының тұрғындары жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, алдағы референдум ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті.

Жалпыұлттық коалицияның баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Әли Ғалым, Талғат Тыныбаев
Дайындаған: «AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов
«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді