Қоғамдық көліктен бөлек көлік түрлері де тексерілмек
Биылдан бастап қоғамдық көліктердің қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам жарақат алған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мегаполисте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға бағытталған республикалық «Көлік тасымалдаушы» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
Тексеру тек автобустарға ғана емес, мегаполис аумағында жолаушыларды тасымалдайтын барлық көлік тасымалдаушыларға жүргізіледі. Арнайы көңіл көліктің техникалық жағдайына, рұқсат құжаттарының болуына, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің сақталуына, сондай-ақ заңсыз тасымал фактілеріне аударылады.
«Жолаушылар қауіпсіздігі біздің басты басымдық. Биылдан бастап қоғамдық көліктердің қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам жарақат алды. Бұл профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. «Көлік тасымалдаушы» іс-шарасы аясында біз тек қоғамдық көліктерді ғана емес, барлық тасымалдаушыларды тексереміз. Біздің міндетіміз – қатаң бақылау жүргізу, заңсыз тасымал фактілерін болдырмау және қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Жолдағы заң мен тәртіп қала тұрғындарының қауіпсіздігінің кепілі», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.