Қазақстанға Ресейден 4 Амур жолбарысы жеткізілетін болды

Автор: Асыл Арман

Жолбарыстарды беру Қазақстан Республикасына интродукциялау жөніндегі ауқымды халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асырылады

Фото: istockphoto.com

Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысы берілетін болды. Жабайы аңдарды тасымалдау 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігіне «Амурский тигр» орталығының директоры Сергей Арамилев хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жолбарыстарды беру Қазақстан Республикасына интродукциялау жөніндегі ауқымды халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаны іске асыруға «Амурский тигр» орталығы қолдау көрсетеді. Амур жолбарыстары бұрын Орталық Азия аумағында мекендеген Тұран жолбарыстарының ең жақын туыстары болып саналады, Қазақстанда олар 1948 жылға қарай жойылып кеткен. Аталған бағдарлама есебінен республикада популяцияны қалпына келтіру көзделіп отыр.

«Жөнелтуге соңғы дайындықтар жүргізілуде. Жабайы жолбарыстармен жұмыс істеуді үйрену үшін Қазақстанның табиғатты қорғау ведомстволарының өкілдері Хабаровск қаласына келді. Оқыту – амур жолбарысының төрт дарасын Қазақстан Республикасына жөнелту алдындағы соңғы кезеңдердің бірі. Сирек жануарларды тасымалдау 2026 жылдың көктемінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр», – деді Арамилев.

Оның айтуынша, жолбарыстар әртүрлі жынысты және әртүрлі жаста болады. Сондай-ақ ол төрт жыртқышты беру Ресейдегі жолбарыстар популяциясына әсер етпейтінін атап өтті, қазіргі уақытта олардың саны шамамен 750 дараны құрайды.

«Әр жолбарыс табиғатқа жіберілген кезде арнайы спутниктік позициялау модулі бар қарғыбаумен жабдықталады. Бұдан бөлек, олардың қозғалысын бақылап, қандай жануарлармен қоректенетінін қадағалайтын арнайы мониторинг топтары болады. Егер трекер арқылы жолбарыстың белгілі бір елді мекендерге жақындағаны анықталса, оның алдын алу шаралары қолданылады», – деді ол.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» РМК орталық өңірлік филиалының басшысы Мұрат Рымжанов жолбарыстар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілетінін айтты.

«2018 жылы Балқаш көлінің маңында ғалымдар жолбарысты өсіру үшін қолайлы аумақ ретінде айқындаған ерекше қорғалатын резерват құрылды. Ол шалғайда орналасқан, қоректік базасы мен тіршілік етуге қажетті жағдайлары бар. Барлығы сәтті болады деп сенеміз», – деді ол.

Хабаровскіге барған қазақстандық мамандарға қажетті барлық хаттама бойынша оқыту жүргізілді: қолданылатын жабдықтың ерекшеліктері мен оны орнатудан бастап, дәрілік препараттарды пайдалана отырып жыртқышты уақытша қимылсыздандыру рәсіміне дейін. Мұның бәрін қазақстандық мамандар Хабаровск өлкесінің аңшылық қадағалау инспекторлары жүргізген амур жолбарысын аулау, ветеринариялық тексеру және табиғатқа жіберу барысында меңгерді.