Зейнеткерді алдаған күдікті ұсталды
Астанада телефон арқылы жасалған алаяқтық анықталды. 78 жастағы қала тұрғыны алаяқтарға алданып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, белгісіз ер адам зейнеткерге бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқ күмәнді қаржылық операциялар анықталғанын айтып, ақшаны «сақтау» үшін беру қажет екеніне сендірген.
Алаяқтың нұсқауын орындаған жәбірленуші 6 миллион теңгені такси курьеріне табыстаған. Кейін курьер қаражатты белгісіз тұлғаға берген.
Біраз уақыттан кейін әйел адам алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
«Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері күдікті 33 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталуда.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және ақшалай қаражатты үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады. Банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан қолма-қол ақшаны курьер арқылы беруді талап етпейді», – делінген ПД хабарламасында.