Шымкентте алаяқтық жасап, 95 млн теңгені қалтасына басқан ер адам Антальяға барып тығылған

Автор: Асыл Арман

Түркиядан сериялық алаяқтық жасаған күдікті экстрадицияланды

Фото: Бас прокуратура/Видеодан скрин

Шымкентте алаяқтық жасап, 95 млн теңгені қалтасына басқан ер адам Антальяға барып тығылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оны ҚР Бас прокуратурасының және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінің қолдауымен Анталья қаласынан экстрадицияланды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2019-2020 жылдары күдікті алдау жолымен Шымкент қаласының 4 жәбірленуші – тұрғынының ақшалай қаражаты мен жер учаскелерін иемденіп, оларға шамамен 95 млн теңге көлемінде залал келтірген.

«Жәбірленушілердің ақшалай қаражатын иемденгеннен кейін, заңмен белгіленген жауаптылықтан жалтару мақсатында күдікті бой тасалды, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.

Кейіннен ол Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.

Айып тағылған қылмыстар үшін қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.