Таразда 345 млн теңге айыппұлдың заңсыз салынғаны анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ондаған мың жүргізуші негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Тараз қаласында жол белгісінің дұрыс қойылмағанының салдарынан ондаған мың жүргізуші негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Прокуратура тексерісінен кейін 345 миллион теңгеден астам соманы құрайтын айыппұлдардың заңсыз екені анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Даудың басы Сүлейменов көшесінде орналасқан жылдамдықты 40 км/сағ дейін шектейтін жол белгісінен басталған. Осы белгіге негізделген камералар жаппай хаттама толтырып келген. Прокуратура мәліметінше жалпы 32 260 әкімшілік хаттама толтырылған; Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 345 349 309 теңгені құрайды.

Қала тұрғыны Рүстенбек Өмірзаховтың арызынан кейін басталған тексеріс, бұл жол белгісінің заң талаптарын бұза отырып қойылғанын анықтады.

Сот шешімі

Қазіргі таңда заңсыз орнатылған белгі алынып тасталды. Алайда, осыған дейін жазылған айыппұлдардың күші жойылмай, төленген ақша иелеріне қайтарылмаған. Тараз тұрғыны Светлана Бояркина сот арқылы өз айыппұлын жойып, прецедент жасады. Сот жол қозғалысын ұйымдастыруда заң бұзылғанын растады.

Бір қызығы, полиция қызметкерлері мен әкімдік жауапкершілікті бір-біріне сілтеуде. Полиция департаменті белгі қою әкімдіктің құзыретінде десе, әкімдік бұл жұмыстар полицияның нұсқауымен жасалғанын айтады.

Ақша қайтарыла ма?

Қазіргі уақытта прокуратура қадағалау актісін енгізіп, Полиция департаментінен заңсыздықтарды жоюды талап етті. Ең басты сұрақ — жүргізушілер төлеген миллиондаған қаржыны кім және қашан қайтарады? Бұл сұрақтың жауабы әлі белгісіз.