Қостанайда терроризм туралы жалған хабар таратқан жасөспірім сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оған осы уақыт аралығында пробациялық бақылау жүргізіледі

Фото: © istockphoto.com

Қостанайда ірі сауда орталықтарының бірінде «террорлық акт дайындалып жатыр» деп жалған ақпарат таратқан кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, шешім шығарды. Сот жасөспірімді кінәлі деп танып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, оған осы уақыт аралығында пробациялық бақылау жүргізіледі. 

Қостанай облыстық Полиция департаменті  Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жалған ақпарат таратқан тұлғаны жедел анықтаған. Кәмелет жасқа толмаған бала қаладағы сауда орталықтарының бірінде террорлық акт дайындалып жатыр деп көрінеу жалған хабарлама таратқан.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК 273-бабы) ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай әрекет үшін:

1. 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл (18 миллион теңгеден астам);

2. Немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, кінәлі тұлға (немесе оның ата-анасы) арнайы қызметтердің оқиға орнына шығуына жұмсалған барлық шығындарды өтейді.