Жамбыл облысында дауылдан кейін 13 ауыл жарықсыз қалды

Автор: Дәулет Ботагөз

Сонымен қатар ондаған нысанның шатыры ұшты

Фото: © istockphoto.com

Жамбыл облысында екпіні секундына 30 метрге жететін қатты жел соқты. Табиғи құбылыстың салдарынан 13 елді мекен жарықсыз қалып, ондаған нысанның шатыры ұшты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігіне сілтеме жасап. 

Бүгін, 21 ақпан күні таңғы сағат 04:00-ден бастап Т. Рысқұлов ауданында ауа райы күрт нашарлаған. Дауылды желдің салдарынан: 

  • 25 нысанның шатыры ішінара зақымдалды (оның ішінде 8 әлеуметтік нысан бар);
  • 7 елді мекенде ғимараттардың төбесі ұшты;
  • 13 ауылда жарық сөніп қалды;
  • 3 ауылда газ беру уақытша тоқтатылды.

Қазіргі уақытта арнайы комиссия зақымдалған нысандарды тексеріп, шығын көлемін есептеп жатыр. Зардап шеккендер жоқ.

Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Апат салдарымен күресу үшін 9  бригада жұмылдырылды. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Мамандар электр жарығы мен газды қалпына келтіріп жатыр.

«Жұмыстарды үйлестіру және жағдайды бағалау үшін ауданға облыс әкімінің бірінші орынбасары жіберілді», — деп хабарлады әкімдіктен.