Жамбылдағы перинаталдық орталықта ана өлімі: министрлік шұғыл тексеру бастады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Перинаталдық орталықтағы оқиғадан кейін медициналық қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріледі

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында босанған әйелдің қайтыс болуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл облыстық перинаталдық орталығына қатысты бақылау іс-шараларын қолға алған. Қайғылы жағдай медициналық мекеменің қызметіне жан-жақты құқықтық баға беруге негіз болған.

«Тексеруге босанған әйелдің қайтыс болуына байланысты қайғылы жағдай негіз болды. Тексеру шеңберінде медициналық персоналдың барлық кезеңдердегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Бақылау іс-шаралары аяқталғаннан кейін тексеру материалдары процестік шешім қабылдау үшін тиісті органдарға беріледі», — делінген министрлік хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында медициналық көмектің көрсетілу тәртібі, клиникалық хаттамалардың сақталуы және мамандардың кәсіби міндеттерін орындауы толық зерделенеді.

Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің қауіпсіздігі қағидаттарына және медициналық этиканы бұзуға мүлдем төзбеушілікке өзінің бейілділігін атап көрсетеді.

Қазір тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша ресми ақпарат қосымша жарияланатыны хабарланды.