«40 мың теңге төлемегенсің»: Жамбыл облысында жаңа босанған тағы бір әйел көз жұмды

Автор: Асыл Арман

МӘМС-ке ақша төленбегені себепті емханаға тіркеле алмағаны айтылды

Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында жаңадан босанған ана жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұм Салтанат Нышанбайдың туыстары қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Олар ақ халаттылар 30 жастағы келіншекті перзентханаға дейін де, кейін де дұрыс қарамаған деп күйінеді. Себебі, жүкті әйелдің медициналық сақтандыруына 40 мың теңгесі жетпеген екен. Тіпті, қарызды желеу еткен емхана өкілдері тіркеуден бас тартқан дейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Информбюроға» сілтеме жасап хабарлайды.

«Қуанышты күндер алдыда деп ойлағанмын ғой, келіншегім осында қаза тапты, енді ұлымды алып кетіп бара жатырмын өзімнің», – дейді марқұмның күйеуі.

Баласын бауырына басқан әке перзентханадан қосағынан айырылып, қайғыны да қатар құшақтап шықты. Бұл жағдайға марқұмның әпкесі дәрігерлердің салғырттығы себеп деп налиды. Бақылау болмаған соң денсаулығы нашарлай берген дейді.

«Бұл жерде бір адам кінәлі емес. Біріне бірі жалғасқан. Ол №2 поликлиникадан басталады. Салтанат қарашада тіркелуге екі рет барыпты. Оған айтыпты сенің жеке кәсіпкерлігің бар. 40 мың төлемегенсің депті. Заңды қарастырдым. Онда босанатын, жүкті және аса қауіп тобындағыларды МӘМС-сіз де қабылдауы керек», – дейді марқұмның әпкесі Айнұр Нышанбай.

Емханаға тіркеле алмаған Салтанат Нышанбайдың күн өте аяғы ісіп, өзін жайсыз сезінген жағдайын айтып жазған хаттары да бар екен. Амалдың жоқтығынан акушер маманның телефонын алып, ақыл-кеңесін сұрап отырған дейді туыстары. Марқұмның анасы перзентхананың дәрігерлері де қызымды дұрыс қарамады деп күйінеді.

«Менің қызым келгенде жоғары қан қысымымен келген. Бірақ сепсис болмаған. Осы аурухананың кесірінен сепсиске айналып кетіп отыр. Осылардың кесірі деп ойлаймын. Содан кейін ұйқыдан қайтып тұрмады. Енді дәрігерлердің салғырттығы сірә да, операция кезінде салғырт болғаннан сол сепсиске айналып кеткен. Менің қызымды ешкім қайтара алмайды. Бірақ дәрігерлер жазасын алса екен деймін», – дейді марқұмның анасы Гүлзейнеп Тоғызова.

Ақ халаттылар келіншекті кесарь тілігімен босандырып алған. Бір аптадан кейін әйел еc-түссіз қалып, комаға түседі. Бір айдан кейін Салтанат көз жұмған. Ал облыстық перинаталдық орталықтың өкілдері қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр деп қысқа қайырды.

«Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Басқа ештеңе айта алмаймын. Күту керек», – дейді Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Жапарқұлова.

Бірнеше тілді еркін меңгерген Салтанат шетелде білім алған. Арманы асқақ, мақсаты айқын еді деп туыстары еске алады. Марқұмның артында 5 жасар қызы мен 1 айлық сәбиі қалды.

Айта кетейік, осыған дейін Таразда жаңа босанған келіншек комада жатқаны, ал сәбиі шетінеп кеткені хабарланған.