Астанада полиция телефон ұстап отырған жүргізушілерді дрон арқылы анықтап жатыр (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Астанада полиция қызметкерлері рульде отырып, телефон ұстап отырған жүргізушілерді дрон арқылы анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордада Патрульдік полиция қызметкерлері заманауи техникалық құралдарды қолдана отырып, Жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Бақылау «Ekin-патруль» экипаждары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы жүзеге асырылады.

Мониторинг барысында келесі құқық бұзушылықтар анықталуда:

  • қауіпсіздік белдігін тақпай көлік құралын басқару;
  • көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану;
  • қарсы бағыттағы жолаққа шығу;
  • қауіпті маневр жасау;
  • конструкциялық өзгерістер енгізілген және белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін сыртқы жарық құралдарымен жабдықталған көлік құралдарын пайдалану;
  • жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы қағидаларын бұзу, оның ішінде белгіленбеген жерден жолды кесіп өту.

Анықталған деректер бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.