Францияда төтенше жағдай: 35 күндік жауын салдарынан 2 мыңнан астам үй су астында қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Су тасқыны салдарынан 2 мыңнан астам үй зардап шегіп, өзендер тарихи межеге жақындады

Фото: Euronews.com

Францияда 35 күн бойы толассыз жауған жауын салдарынан су тасқыны тіркелді. Елдің ұлттық метеорологиялық қызметі Météo-France 4 департаментте ең жоғары қызыл деңгейдегі қауіп жариялады және тағы 12 аймақта қызғылт сары деңгей енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Euronews мәліметінше, Жиронда, Лот-и-Гаронна, Мэн-и-Луара және Шаранта-Маритим департаменттерінде қызыл деңгейдегі ескерту күшінде. Бұл — халық пен инфрақұрылымға қауіп төнген кезде ғана жарияланатын ең жоғары дабыл деңгейі.

1959 жылдан бері алғаш рет жауын 35 күн бойы толассыз жауған. Синоптиктер «қыс мезгіліндегі ерекше құбылыс» деп атаған Storm Pedro дауылы жеткенге дейін-ақ топырақ ылғалға толық қанығып, суды сіңірмейтін күйге түскен. Бұған дейін Франция аумағын тағы 2 күшті дауыл кесіп өткен. Соның салдарынан өзендер арнасынан асып, елдің батысы мен оңтүстігінде жағдай күрт ушықты.

Атлант мұхиты жағалауында қауіп тек жауын-шашыннан ғана емес, қатты жел, биік толқындар және теңіз суының тасуынан да туындап отыр.

Bordeaux қаласында ахуал әлі де күрделі. Гаронна өзенінің деңгейі тұрақты түрде жоғары күйінде қалып отыр. Қала мэрі Пьер Юрмик су тасқынына қарсы жергілікті қорғаныс жоспарын іске қосқан. Толысу коэффициентінің жоғары болуы 2 ауданға су кіру қаупін арттырды.

Билік шұғыл шараларға көшті: жағалаудағы базарлар жабылды, қауіпті аймақтардағы мектептер мен балабақшаларда оқу тоқтатылды, баспанасыз адамдар үшін уақытша көмек пункттері ашылды.

Анже қаласында Мэн өзенінің деңгейі 2000 жылғы тарихи максимумнан асуы мүмкін деген болжам бар. Қала билігі эвакуацияланған тұрғындарды орналастыру үшін спорт залдарын уақытша баспанаға айналдырды.

Шалонн-сюр-Луар коммунасында каноэмен серуендеу кезінде жоғалып кеткен ер адамды іздеу жалғасып жатыр. Ол сейсенбі кешінде өзен деңгейі күрт көтерілген сәтте із-түзсіз кеткен.

Сент қаласында Шаранта өзенінің деңгейі 6,40–6,50 метрге дейін көтерілуі ықтимал. Бұл көрсеткіш 1982 жылғы рекордтық межеден небәрі 30 сантиметрге төмен.

Қазіргі таңда 2 мыңнан астам үй су тасқынынан зардап шеккен. Олардың жартысы толықтай су астында қалған. Франция билігі жағдайды тұрақтандыру үшін төтенше қызметтерді күшейтілген режимге көшіріп, өңірлерде тәулік бойы бақылау жүргізіп отыр.