Инвестиция, авиация, медицина және агроөнеркәсіп салаларында жаңа серіктестік бағыттары айқындалды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапары барысында америкалық ірі қаржы және өнеркәсіп компанияларының жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жоғары технологиялы өндірістерді дамыту және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы U.S. International Development Finance Corporation атқарушы директоры Бен Блэкпен кездесті. Тараптар инвестициялық ықпалдастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Президент корпорацияны Қазақстанның орнықты даму жолындағы маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, экономиканың түрлі секторларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екенін жеткізді. Оның айтуынша, инвестиция тарту – экономиканы әртараптандырудың және ұзақ мерзімді өсімді қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.
Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Ол тау-кен өндірісі мен көлік-транзит инфрақұрылымы салалары аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі мол.
Президент Boeing корпорациясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен де кездесті. Кездесу барысында авиация, қорғаныс және ғарыш техникасы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Мемлекет басшысы отандық Air Astana, SCAT Airlines және Vietjet Qazaqstan компаниялары авиация саласын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу туралы келісімге қол қойылғанын құптады.
Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу үшін Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе байланысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр.
Кездесуде Шымкент әуежайында техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі де қарастырылды. Мұндай орталықтың іске қосылуы отандық авиация саласының сервистік инфрақұрылымын күшейтуге ықпал етпек.
Джефф Шокки компанияның цифрландыру бағытындағы жоспарларымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау саласында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар маман даярлау және жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту перспективалары талқыланды.
Президент Ashmore Group бас директоры Марк Кумбспен кездесті. Келіссөз барысында өзара тиімді инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Президентке Ashmore Healthcare International мен Самұрық-Қазына Инвест бірлесіп Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары таныстырылды. Жобаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.
Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай бастамалар елдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға серпін береді.
Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ жоғары технологиялы және басым бағыттағы салаларды дамытуға арналған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективасы туралы пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Mars Inc. компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады.
Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында шамамен 180 миллион доллар көлеміндегі инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл уағдаластық Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындайды.
Жоба аясында Mars Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Кәсіпорын агроөнеркәсіптік шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жаңа өндірістік тізбектер құруға жол ашады.
Пол Вайраух инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, аталған жоба Mars компаниясының өндірістік әлеуетін кеңейтуге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.