Коалиция мүшелері Түркістанда медицина, аграрлық және өндіріс салаларының өкілдерімен кездесті

Автор: Azattyq Rýhy

Жиын барысында денсаулық сақтау саласының қоғам үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды

Фото: amanatpartiasy.kz

Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы Түркістан облысына сапармен барып, облыс тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Оның барысында жаңа Ата Заң жобасы түсіндіріліп, оның құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай жаңғыртудың маңызы айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy amanatpartiasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Коалиция мүшелерінің қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Байтілесов, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Бекарыс Шойбеков, Ержан Қосмамбетов, Мырзахан Манапов, Ғани Райымбеков және Нұржан Сейтжанов болды. Олар алдымен Ордабасы аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында денсаулық сақтау саласының қоғам үшін стратегиялық маңызына ерекше назар аударылды. 

«Жаңа Конституцияда әр азаматтың өмірі мен денсаулығы мемлекеттің басты құндылығы деп айқын көрсетілді. Бұл медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков конституциялық нормаларға сәйкес, азаматтардың еңбегін қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір білдірді. 

«Адал еңбекке құрмет көрсету, кәсіби мамандардың мәртебесін арттыру – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі. Мемлекет басшысы жариялаған әлеуметтік мемлекет қағидаты аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға, ана мен бала денсаулығын қорғауға, профилактикалық медицинаны дамытуға, заманауи технологиялар мен цифрландыруды енгізуге баса мән берілуде. Осы міндеттерді табысты іске асыру үшін сапалы құқықтық нормалар қажет. Конституция осы басымдықтарды іске асыруға мүмкіндік береді», – деді ол.  

Келесі кездесу «Бөрте милка» ЖШС-нің базасында өтті. Коалиция мүшелері сүт фермасының жұмысшыларымен және аграрлық сала өкілдерімен елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың негізгі бағыттары мен оның ауыл шаруашылығы саласына берер мүмкіндіктерін кеңінен талқылады.

«Жаңа Конституция әділетті қоғам қалыптастыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Әсіресе, жаңа Конституцияның кепілдіктері ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтардың құқықтарын қорғауға, адал еңбекті қадірлеуге және ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік береді», – деді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов.

Сондай-ақ Коалиция мүшелері еліміздің оңтүстігіндегі ірі теміржол тораптарының бірі – Арыс-1 теміржол вокзалында теміржолшылармен кездесу өткізді. Жиында облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов теміржол саласын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік пен қызмет сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. 

«Бұл міндеттер жаңа Конституцияда айқындалған экономикалық тұрақтылық, заң үстемдігі және еңбек адамының құқықтарын қорғау қағидаттарымен тікелей үндеседі. Сонымен қатар құжатта меншік құқығын қорғау, инвестициялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға қолайлы құқықтық орта қалыптастыру көзделген. Бұл теміржол саласына инвестиция тартуға, жаңа технологиялар енгізуге және көлік-логистика жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деді облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов.

Ал Арыс қаласы мен Отырар ауданының түйіскен тұсында орналасқан Көксарай ауылдық округінде Жалпыұлттық коалиция өкілдері «Заречное» бірлескен кәсіпорны» АҚ-на қарасты кен орны жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуде тау-кен саласының еліміздің стратегиялық маңызы бар бағыттарының бірі екеніне ерекше назар аударылды.

«Жер қойнауын тиімді әрі ұқыпты игеру, ұлттық байлықты сақтап, оны елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыттау конституциялық нормалармен бекітілді. Кен өндіру саласында еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше өзекті екенін білесіздер. Жаңа Конституцияда адамның өмірі мен денсаулығы – ең басты құндылық ретінде белгіленді. Осыған сәйкес, өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі», – деп атап өтті Нұрсұлтан Байтілесов.