Қазақстан азаматы жалған шот-фактуралар жасау арқылы мемлекетке 350 млн теңге шығын келтірді

Автор: Асыл Арман

Ол енді 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Бас прокуратура экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін Қазақстан азаматын Қырғыз Республикасынан экстрадициялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, 2023 жылы күдікті мүліктік пайда табу мақсатында іс жүзінде жұмыстарды нақты орындамай, жалған шот-фактуралар жазып беру схемасын ұйымдастырған.

«Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 350 млн теңгеге жуық салық төлемеу түрінде залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

2025 жылдың наурыз айында ол Бішкекте ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.