«Қызымнан айырылып қала жаздадым»: Алматыдағы клиниканың медбикесі кішкентай қызға ауыр дозадағы екпе салған

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол медбикенің кәсіби шешіміне наразы

Фото: freepik.com

Алматылық Ерке Ерболқызы «Эмирмед» клиникасындағы медбикенің кесірінен бір жастағы қызынан айырылып қала жаздағанын айтты. Ол әлеуметтік желіде өз оқиғасын басқа аналарды сақтандыру үшін жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бір жастағы қызым энтеровирус жұқтырып ауырды. Педиатр бірнеше дәрі жазып берді, соның ішінде «Церукал» да болды. Келесі күні тамшылатып дәрі салдыра алатын ең жақын процедуралық кабинеттерді іздей бастадым. Жақын маңда тек Emirmed жұмыс істеп тұр екен, қалған клиникалардың бәрі жабық болды. Біз сол жерге бардық. Қажетті дәрілердің бәрін олардың дәріханасынан сатып алдым. Процедуралық кабинетке төлем жасап, дәрігердің тағайындауын бердік, жүйені дайындай бастады. Медбике «Церукалдың» екі ампуласын алып жатқанын байқап, «Тағайындауда 0,4 деп көрсетілген, сіз шынымен екі ампула (4 мл) салайын деп жатырсыз ба?» деп сұрадым. Ол сенімді түрде дәрі физерітіндімен сұйылтылатынын және солай болуы керек екенін айтты. Медбике болған соң дұрыс шығар деп ойлап, дауласпадым», - дейді жас ана.

Оның айтуынша, система қойған кезде қызы қатты жылап, мазасыз болған.

«Мұны медбике тамырын ұзақ таба алмай, бірнеше рет қайта-қайта салмақ болғанынан деп ойладым. Процедурадан кейін ол бірден ұйықтап қалды. Үйде де ұйықтай берді. Әдетте екі сағаттан соң оянатын, бұл жолы оянбады, әлсіз, мазасыз күйде болды. Оятуға тырыстым, бірақ ол әлсіз күйде қалып, қайта ұйықтап кете берді, жылады. Үш сағат өтті. Сол кезде тағайындалған дәрілерді қайта қарап шығып, бірден педиатрға жаздым. Ол  «Шұғыл түрде 103-ке қоңырау шалыңыз» деді. Жедел жәрдем шақырдым, бізді Балаларға арналған №1 қалалық клиникалық ауруханаға апарды. Сол кезде күдігімнің рас екенін түсіндім: оған жасына тиесілі мөлшерден 10 есе көп – 4 мл препарат енгізілген.Ауруханада бізді реаниматолог қарап, палатаға жатқызды. Ол таңғалып, бірақ «Құдайға шүкір, балада реакция бар, сондықтан жалпы палатада бақылауға болады» деді. Сондай-ақ тамшылатып салынған «Дисоль» препараты жағдайын тұрақты ұстауға көмектескенін айтты. 4 мл дозаның салдары ауыр болуы мүмкін екенін, біздің жолымыз болғанын жеткізді», - деді ол.

Бұл оқиғадан кейін Еркенің жолдасы клиникаға барып, мән-жайды анықтамақ болған. Алайда нақты шешім де, жағдайды реттеу туралы ұсыныс та айтылмаған.

«Кейін ауруханада жатқанымда клиникадан қоңырау шалды. Қызымның жағдайын сұрап, аурухана дәрігерлерімен сөйлескендерін, бізге жақсы қарауды өтінгендерін айтты. Бірақ бізге олардың араласуынсыз-ақ тиісті көмек көрсетіліп жатқан еді. Мен бұл мәселені сот арқылы шешетінімізді айттым. Клиника өкілдері өздерін кінәсіз деп, жауапкершілікті мойындамайтынын мәлімдеді. Олар мәселені система салған медбикелермен тікелей шешу керек екенін, қызметкерлердің әрекетіне клиника жауап бермейтінін айтты. Мен бұл ұстанымды заңсыз әрі жауапсыз деп есептеймін. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдайтын да, медициналық қызметке жіберетін де клиниканың өзі. Төлем клиниканың кассасына жасалды. Демек, медициналық ұйым өз қызметкерлерінің әрекеті үшін толық жауапкершілік алып, олардың кәсіби деңгейі мен көрсетілетін қызмет сапасына тиісті бақылау жүргізуге міндетті. Оқиғадан кейін мен Е-Өтініш арқылы арыз бердім. Медициналық қызметкерлерге 100% сене салмай, тағайындауларды, дозаны, ампулаларды қайта тексеріп, сұрақ қойып, түсіндіруді талап етіңіздер», - деді Ерке Ерболқызы.

Әлеуметтік желі қолданушылары клиникадан жауап талап етіп отыр. Әзірге олар ресми мәлімдеме жасамады.