Қазақстанда 150 мың әйелді кәсіпкерлікке оқытқан жоба жаңа жеңімпаздарын анықтады

Автор: Аягөз Құрмаш

Қайырымдылық жоба жыл сайын үздіктерді анықтайды 

Фото: G-Global

Алматыда үздік бизнес-идеялар байқауының финалистерін салтанатты марапаттау рәсімі Women in Business жыл сайынғы форумы өтті. Іс-шара кәсіпкерлерді, сарапшыларды және іскерлік қауымдастық өкілдерін бір алаңға тоғыстырды, деп жазады Azattyq Rýhy.

 «Өсу баспалдақтары» - Қазақстандағы бастаушы кәсіпкерлерге арналған білім беру жобасы. 2025 жылы жоба 13-рет өткізіліп, халықаралық қайырымдылық қордың қолдауымен өтеді. 

Жоба онлайн-оқытуды, грант алу мүмкіндігі қарастырылған бизнес-идеялар байқауын және бизнес-акселератор бағдарламасын қамтиды. Бағдарлама қатысушыларға ең алдымен әйелдер мен жастарға идеядан бастап өз бизнесін іске қосуға дейінгі жолдан өтуге жан-жақты қолдау көрсетеді.

Маусымда бизнес-идеялар байқауына онлайн-платформа арқылы 1 600-ден астам өтінім түскен. Сараптамалық іріктеу қорытындысы бойынша 19 жартылай финалист тәуелсіз қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.

Нәтижесінде 11 қатысушы өз бизнесін іске қосу және ауқымын кеңейту үшін 1 млн-нан 1,8 млн теңгеге дейінгі грант сертификаттарына ие болды. Жеңімпаздардың қатарында 9 әйел және 2 ер адам бар, ал финалистердің шамамен жартысы 30 жасқа толмаған. Ең ірі 1,8 млн теңге көлеміндегі грант Алматы облысынан шыққан кәсіпкер әйелге азық-түлік өнімдерінің органикалық өндірісін «жасыл» технологияларды қолдана отырып дамытуға берілді.

Грант жеңіп алған бизнес-идеялардың қатарында Қазақстанда өндірілетін құйма мәрмәр мен граниттен шұңғылшалар жасау, ұлттық салт-дәстүрлер өткізуге арналған киімдер мен атрибуттарды тігу және жалға беру, үй ірімшігін, тағамдар мен дәруменді батончиктер өндіру, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген авторлық сөмкелер тігу, сондай-ақ аудио және видео-контент жазуға арналған подкаст-студия қызметін ұйымдастыру жобалары бар. Аталған бизнестердің барлығы форум аясында өткен көрме-жәрмеңкеде таныстырылды.

 «Өсу баспалдақтары» жобасы жүзеге асырылған жылдар ішінде базалық оқытудан бастап гранттық қаржыландыруға және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге арналған әрі қарай даму бағдарламаларына дейінгі толыққанды қолдау экожүйесін қалыптастырды.

Қазақстан бойынша 150 000-нан астам әйел тегін білім беру курстарынан өтті. Жобаның практикалық нәтижесі ретінде 10 100-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 13 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.

Тек 2025 жылдың өзінде жоба аясында 18 000-нан астам адам оқудан өтті. Бағдарламалар әйелдерге, жастарға және кәсіпкерлік тәжірибесі бір жылдан үш жылға дейінгі, бизнесін ауқымдауға дайын кәсіпкерлерге бағытталған. Білім беру бағдарламасы жыл сайын жаңа технологиялардың дамуына сәйкес қайта қаралып, жаңартылып отырады. Мәселен, 2025 жылы оған бизнестің тиімділігін арттыруға арналған жасанды интеллект құралдарын практикалық қолдану бойынша арнайы курс енгізілді.

2012 жылдан бері байқау жеңімпаздарының 178-і гранттық қолдауға ие болды. Олардың көпшілігі бүгінде өз өңірлерінде тәлімгер әрі үлгі болатын көшбасшылар ретінде танылып, жергілікті қауымдастықтардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.

«Біз қатысушыларымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз және олардың табысына сенімдіміз. Өсу баспалдақтары бұл кәсіпкерліктің әлеуетін жүйелі түрде қолдау және қалыптастыру. Жоба түлектері өз бастамаларын дамытып қана қоймай, еліміздің экономикалық болашағына елеулі үлес қосып келеді», - деп атап өтті «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елена Ожго.

Жоба өнімді жұмыспен қамтуды, орнықты дамуды және елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте кәсіби және мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл оның шағын бизнесті қолдау саласындағы ең нәтижелі бастамалардың бірі ретіндегі мәртебесін айқындай түседі.