Шақырылушылардан 4 рет ақша жинаған бұрынғы қызметкерге 29 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Павлодар облысында қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бұрынғы офицері әскерге барудан «көмектесемін» деп ақша алып келгені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Семей гарнизонының әскери сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, өңірлік қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметтік іс-әрекетті ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеген 31 жастағы офицер 2023–2025 жылдар аралығында алаяқтықтың 4 эпизодын жасаған.
Алғашқы дерек 2023 жылдың күзінде тіркелген. Ол кезде шақырылушыдан 1 млн теңге алған. Кейін 2024 жылдың маусым айында тағы 1 млн теңге, сол жылдың қазан айында 1,4 млн теңге иемденген. Ақша алудың соңғы фактісі 2025 жылдың шілдесінде анықталған. Бұл жолы «көмек» әскери жиынға шақырылған запастағы азаматқа уәде етілген.
Семей гарнизоны әскери сотының мәліметінше, алдын ала дерекке сәйкес ақша берген азаматтардың ешқайсысы әскери қызметке алынбаған. Алайда олардың әскерге бармай қалуына офицердің ешқандай ықпалы болмаған. Шақырылушылар медициналық комиссиядан өтпеген. Кейін өздерінің алданғанын түсінген олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне жүгінген.
Іс барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, алынған қаражатты жымқырғанын растаған. Ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды толық өтеген.
Семей гарнизонының әскери соты дәлелдемелерді зерттей келе, офицердің кінәсі дәлелденді деген шешім шығарды. Сот үкімімен оған алынған соманың 8 еселенген мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Айыппұл көлемі 29 млн теңгеден асады. Белгіленген соманы сотталған тұлға 6 ай ішінде төлеуі тиіс.