Құқықтық айқындық пен сот арқылы қорғалу құқығы: кассациялық сатының маңызы қандай

Автор: Асыл Арман

Әділ сот төрелігін нығайтудағы кассациялық сатының рөлі

Фото: Жеке мұрағат

Кассациялық іс жүргізу қылмыстық істер бойынша сот бақылауы жүйесінде ерекше орын алады. Оның мақсаты заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексерумен ғана шектелмей, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ әділ сот төрелігі қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Кассациялық соттар департаменті басшысының орынбасары Ильжан Қалилаханова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көпсатылы сот жүйесі жағдайында кассациялық саты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың жол берген қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның елеулі бұзушылықтарын жоюға мүмкіндік беретін түпкілікті процестік тетік болып саналады және сол арқылы процеске қатысушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етеді.

Кассациялық іс жүргізудің құқықтық табиғаты

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, кассациялық іс жүргізу заңды күшіне енген сот актілерінің заң талаптарына сәйкестігін тексеруге бағытталған. Апелляциялық қайта қараудан айырмашылығы, кассациялық саты төмен тұрған соттардың қызметін алмастырмайды, керісінше материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылуына бақылау жүргізеді.

Кассациялық іс жүргізудің мұндай сипаты, бір жағынан, құқықтық айқындық қағидатын сақтау қажеттілігімен, екінші жағынан, сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз етумен негізделеді. Кассациялық сот сот актілеріне тек заңдылық пен әділдікке әсер еткен немесе әсер етуі мүмкін елеулі бұзушылықтар болған жағдайда ғана араласады.

Кассациялық іс жүргізу және әділ сот талқылауы қағидаты

Кассациялық сатының негізгі міндеттерінің бірі – әділ сот талқылауы қағидатының іске асырылуын қамтамасыз ету. Бұл тек заң нормаларын формальді түрде сақтауды ғана емес, сондай-ақ жіберілген бұзушылықтардың істің нәтижесіне ықпал еткен-етпегенін нақты бағалауды да көздейді.

Кассациялық сот қылмыстық істің мән-жайлары жан-жақты, толық және объективті зерттелді ме, тараптардың қорғалу және жарыспалылық құқықтары қамтамасыз етілді ме, сондай-ақ соттың қорытындылары заңда белгіленген тәртіппен зерттелген нақты мән-жайлар мен дәлелдемелерге сәйкес келеді ме деген мәселелерді бағалайды.

Осылайша кассациялық іс жүргізу ерікті немесе формальді құқық қолданудан қорғайтын кепіл ретінде әрекет етіп, сот қателіктерінің түпкілікті сот актілерінде бекітілуіне жол бермейді.

Құқық қолдану бірізділігін қамтамасыз етудегі кассациялық практиканың маңызы

Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын кассациялық іс жүргізуде қорғау сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Кассациялық сот актілерін талдау және қорыту құқық қолданудағы жүйелі мәселелерді анықтауға, орнықты құқықтық ұстанымдар мен төмен тұрған соттарға арналған бағдарларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, кассациялық саты тек түзетуші ғана емес, сонымен қатар алдын алу функциясын да атқарып, сот қателіктерінің санын азайтуға және жалпы алғанда сот төрелігінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Қорытынды

Кассациялық іс жүргізу – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың аса маңызды тетігі болып табылады. Оның мәні заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау кезінде заңдылықты, әділдікті және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуден көрінеді.

Кассациялық сатының тиімді жұмысы сот жүйесіне деген сенімді нығайтып, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге және құқықтық мемлекет талаптарына сәйкес бірізді әрі тұрақты сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.