Түркістан облысында немересі әжесінің жинап қойған 3 млн теңгесі мен алтын бұйымдарын ұрлап кетті

Автор: Асыл Арман

Жалпы шығын 7 млн теңгеге жуықтаған

Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында пәтер ұрлығын жасаған жігіт қолға түсті, күдікті жәбірленушінің немересі болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауран ауданында полиция қызметкерлері пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні анықтады.

Белгілі болғандай, күдікті жігіт жәбірленушінің немересі болып шықты. Ол үйде ешкім жоқ сәтті пайдаланып, түскі уақытта жатын бөлмедегі сейфті бұзып, ішінен 3 млн теңгеге жуық ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған. Жалпы шығын 7 млн теңгеге жуық.

Күдікті ұрлаған бұйымдарды алтын сататын дүкендердің біріне өткізіп жіберген. Тергеушілер қажетті заңды шаралардың барлығын атқарып, істі дәлелдеп, сотқа жолдады.