Жерді тағы да геомагниттік толқын шарпыды: ақпандағы екінші дауыл тіркелді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ғалымдар магниттік белсенділіктің шарықтау шегі таңғы 07:00-де G1.3 деңгейіне жеткенін мәлімдеді

Фото: pixabay.com

15 ақпанда Жер бетінде кезекті магниттік дауыл басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресейлік ғалымдардың мәліметінше, бұл ақпан айында тіркелген екінші геомагниттік құбылыс. Мамандардың дерегіне сүйенсек, магниттік тұрақсыздық түнгі уақытта байқалған. Қазіргі таңда дауыл әлсіз бен орташа деңгейдің аралығында сақталып отыр. Белсенділіктің ең жоғары шегі Астана уақытымен шамамен таңғы 07:00-де тіркеліп, 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша G1.3 деңгейіне жеткен.

Астрономдардың айтуынша, осы айдағы алғашқы әлсіз магниттік дауыл 5 ақпанда болған. Одан кейін 10 күндей салыстырмалы тыныш кезең байқалды. Жалпы, 2026 жылдың ақпаны өткен аймен салыстырғанда біршама тұрақты өтіп жатыр. Айта кету керек, қаңтарда магниттік белсенділік рекордтық деңгейге жетіп, оның негізгі бөлігі айдың екінші жартысында тіркелген еді.

Ғалымдар түнде басталған бұл геомагниттік құбылыс 2 тәулікке дейін созылуы мүмкін екенін ескертеді. Алайда оның қарқындылығы біркелкі болмайды: қысқа мерзімді күшею мен әлсіреу кезеңдері кезектесіп отырады. Алдын ала болжам бойынша, дауылдың G2 деңгейінен жоғары көтерілу ықтималдығы төмен.