Валь-ди-Фьеммеде қазақстандық спортшы ТОП-10-ға еніп, атақты фавориттерді артта қалдырды
Италияның Валь-ди-Фьемме кластерінде өткен шаңғымен тұғырдан секіруден үлкен трамплин жарысында қазақстандық Илья Мизерных ел тарихындағы ең жоғары нәтижені тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің мәліметінше, 2024 жылғы Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных іріктеу кезеңінде 140,5 метрге дейін секіріп, көпшілікті таңғалдырды. Негізгі жарыс қорытындысында ол 281,6 ұпай жинап, 8-орынға тұрақтады. Бұл – Қазақстан үшін үлкен трамплиндегі тарихи көрсеткіш.
Сондай-ақ финалға шыққан тағы бір қазақстандық спортшы Данил Васильев 235,9 ұпаймен 27-орынды иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды словениялық Домен Превц 301,8 ұпаймен жеңіп алды. 2-орын жапониялық Рен Никайдоға (295,0 ұпай), 3-орын польшалық Кацпер Томасякқа (291,2 ұпай) бұйырды.
Айта кету керек, Мизерных жарыс барысында Германияның Олимпиада чемпионы Филипп Реймондын, норвегиялық Йоханн Андре Форфангты және германиялық Андреас Веллингерді артта қалдырды. Бұл нәтиже қазақстандық спортшының әлемдік деңгейдегі бәсекеге толыққанды араласа бастағанын көрсетті.