Курорт аумағынан тыс жерде сырғанаған 2 адам қалың қар астында қалып, аман қалды
Алматы тауларында курорт аумағынан тыс жерде сырғанаған 2 фрирайдер қар көшкініне тап болып, олардың бірі қалың қар астында қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына жақын «Чимбулачка» өзені маңында болған. Курорт әкімшілігінің мәліметінше, оқиға кеше тіркелген. Арнайы белгіленбеген аймақта сырғанаған райдерлердің әрекетінен қар массасы қозғалып, салдарынан олардың бірі қар астында қалып қойған. Екінші фрирайдер дереу жағдайды бағалап, курорттың аспалы жол операторына хабар берген. Ақпарат жедел түрде Жедел әрекет ету орталығына жеткізіліп, Ski Patrol Shymbulak құтқарушылары оқиға орнына шұғыл шыққан.
Жедел іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде қар астында қалған адам дер кезінде табылып, аман алып қалынды. Зардап шегушінің жағдайы туралы нақты мәлімет жарияланған жоқ.
Курорт әкімшілігі тау бөктерінде, әсіресе арнайы жолдардан тыс аймақта сырғанау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Мамандар фрирайд жоғары дайындық пен жауапкершілікті талап ететінін, қар көшкіні қаупін алдын ала бағаламай, ескерту белгілеріне мән бермей әрекет ету адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.