Жақын тұрған тағы бір жеңіл автокөлік зақымдалған
Елорданың Сарыарқа ауданында жеңіл автокөлік отқа оранды. Тілсіз жаудың салдарынан жақын маңда тұрған тағы бір көлікке зақым келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өрт Бейбарыс Сұлтан көшесінің бойында болған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар көліктің қозғалтқыш бөлігі мен салонының алдыңғы жағын шарпыған жалынды шұғыл түрде ауыздықтады.
«ТЖМ күштері өртті қысқа мерзімде сөндірді. Алайда, жоғары температураның әсерінен жақын тұрған тағы бір жеңіл автокөлік зақымдалған», — делінген ресми хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.