Синоптиктер далада ұзақ жүрмеуге кеңес берді
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылғы 15 ақпанда Қазақстанның он қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) қалыптасатынын ескертті. Ауада зиянды заттардың жиналуына байланысты тұрғындарға далада ұзақ жүрмеуге кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мамандардың болжамы бойынша, ауаның ластануы келесі қалаларда байқалуы мүмкін: Астана, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Ақтөбе, Өскемен, Семей және Риддер.
Бұл — жер бетіндегі атмосфералық қабатта зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін факторлардың жиынтығы. Оған желдің баяу соғуы, тұман және инверсия жатады. Мұндай кезде өндіріс орындары мен көліктерден шыққан түтін сейілмей, ауада тұрып қалады.
Ауа сапасының нашарлауына байланысты қала тұрғындарына мынадай сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
1. Ашық ауада, әсіресе тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеуге тырысыңыз.
2. Өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар жандар өзімен бірге қажетті дәрілерін алып жүргені абзал.
3. Дене шынықтыру жаттығуларын жабық кешенде өткізген жөн.