Нұртай Сабильянов: Басты мақсат – шығарылатын заңдардың сапалы болуы

Автор: Дәулет Ботагөз

Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны өтіп жатыр

Фото: «Референдум-2026» онлайн-марафоны

Астанада «Референдум-2026» онлайн-марафоны басталды. Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық алаңда Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов бір палаталы Парламентке көшу депутаттардың жауапкершілігін арттыратынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Болашақ Құрылтай – Қазақстандағы заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы мемлекеттік орган. Құрылтайда заң жобасы талқыланады, үш оқылымда қабылдануы мүмкін. Заң сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Керісінше, заңның бір жерден қабылдануы уақытын жылдамдатады және депутаттардың жауапкершілігін арттырады. Заңның сапасын да жақсартады», – деді депутат.

Ол Құрылтайда 145 депутаттың болуы Қазақстанға нағыз сай келетін норма екенін айтты.

«Елімізде 17 облыс, 4 қала бар. Әлемде аумақ бойынша Қазақстан тоғызыншы орында, жері үлкен. Ал депутаттар әр қалаға, әр ауданға, шекарадағы шалғай ауылдарға барып, халықпен жұмыс істеуі керек. Сол себепті, депутаттардың саны 145 деп белгіленіп отыр. Басты мақсат – шығарылатын заңдардың сапалы болуы және халықтың мәселелерін шешу», – деді ол.

Депутат Құрылтай депутаттарының пропорционалдық жүйе арқылы сайланатынын жеткізді.

«Саяси партиялар өз кандидаттарын тізімге енгізіп, сайлауға қатысады. Халық қай партияға дауыс берсе, сол партияның кандидаттары депутат болады. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтеді, халық алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сол арқылы саяси партиялардың бәсекесі қалыптасады. Бұл – бұрын тәжірибеде болған жүйе. Сондықтан нәтижелі жұмыс істейтіні анық», – деп түйіндеді депутат.