Араға 32 жыл салып жеткен алтын: Италия төрінде әнұранымыз шырқалды
Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарында 30 жылдан кейін алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоров мұз үстінде тарихи жеңіс жасап, ел қоржынына мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтынды салды. Милан мұз айдынында Қазақстан туы көкке көтеріліп, әнұран шырқалды.
Ерлер арасындағы тартысты додада күрделі каскад орындаған Шайдоров еркін бағдарламада 198.64 ұпай жинады. Қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша оның жиынтық көрсеткіші 291.58 ұпайға жетіп, Олимпиада алтынын айқын басымдықпен еншіледі.
Күміс медальді жапониялық Юма Кагияма 280.06 ұпаймен еншілесе, қола жүлде 274.90 ұпай жинаған Шун Сатоға бұйырды. Жалпы турнирге 24 спортшы қатысты.
Еске салсақ, Қазақстанның қысқы Олимпиададағы соңғы алтын жүлдесі 1994 жылы Лиллехаммерде тіркелген болатын. Ол кезде шаңғышы Владимир Смирнов чемпион атанса, енді бұл даңқты жетістікті Михаил Шайдоров жалғастырды.
Қазақстан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен құттықтады.
"Михаил Шайдоровты Олимпиаданың чемпионы атануымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл — талай жылғы тынымсыз еңбек пен табандылықтың, алға қойған мақсатқа деген сенімнің жемісі. Бүгін Михаил елге зор қуаныш сыйлап, отандық мәнерлеп сырғанаушылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл жетістік жас спортшыларға шабыт беріп, елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді", - дейді Ербол Мырзабосынов..