БҚО-да «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы жұмысын бастады

Автор: Azattyq Rýhy

Батыс Қазақстан облыстық Коалициясы құрамында белсенді партиялар өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мәслихат депутаттары мен жас белсенділер бар

Фото: коалиция

Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» облыстық Коалициясы республикалық бастама аясында құрылуда. Отырысқа облыстық Коалиция мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, жас белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Батыс Қазақстан облыстық Коалициясы төрағасы, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мұқаев Мұрат Рахметұлы Жаңа Конституция ел дамуы жолында қызмет ететін маңызды құжат екені атап өтті.

«Біз қазіргі уақытта еліміздің жаңа кезеңінің қалыптасу кезеңінде тұрмыз. Өздеріңіз білетіндей, заманымыз күн сайын түрлі өзгерістерге куә болуда. Бұл өзгерістерге ілесе отырып, жаңа заман талаптарына сай болу үшін біздің елімізде де маңызды қадамдар жасалуы маңызды. Жаңа Конституция құжаты болашағымызға бағдар беріп, заң мен тәртіптің күшіне енуіне ықпал ететін маңызды құжат», - деді Мұрат Мұқаев.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Батыс Қазақстан облыстық Коалициясы құрамында белсенді партиялар өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, мәслихат депутаттары мен жас белсенділер бар. Өңір аумағында 700-ден аса ауқымды іс-шаралар жоспарланған.

Іс-шарада белгілі журналист, облыстық Коалиция төрағасының орынбасары, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы Ғұбайдуллин, «Ауыл» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қапақов Ғайса Хамидоллаұлы, «Ақ жол» партиясы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының орынбасары Туркина Айгүл Серікқызы, «Respublica» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мақатов Дулат Нұрланұлы, «Қазақстан Халық партиясы» Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Лаврентьев Борис Георгиевич сөз алды.

Кездесуге қатысушылар Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылымды, мәдениетті және ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарға толық сәйкес келетінін атап өтті. Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағдарланған мемлекеттік институттардың неғұрлым тұрақты әрі тиімді моделін қалыптастыратыны баса айтылды.