СҚО-да сотталып шыққан жас жігіт есірткі өткізіп жүрген жерінен ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ол енді 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны синтетикалық есірткі заттарын өткізді деген күдікпен қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, 25 жастағы ер адам, бұрын мүліктік қылмыстар үшін бірнеше рет сотталған, шамамен бір ай бұрын Петропавл қаласының аумағында психотроптық заттарды таратуды бастаған.

Кейін ол облыс орталығынан «Lada Granta» автокөлігімен шыққан. Полицейлер күдіктіні Аққайың ауданындағы жанармай құю бекетінде ұстады. Тінту барысында одан жалпы салмағы шамамен 5 грамм болатын «тұз» деп аталатын синтетикалық есірткінің 8 орамы тәркіленді. Аталған есірткі түрі үшін аса ірі мөлшер 2,5 грамнан басталады.

«Медициналық куәландыру нәтижесі оның есірткі қолданғанын растады. Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Есірткі заттарын өткізудің жолын кесу полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.