Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы әлемдегі ешбір мемлекет жағдайды бақылауға ала алмағанын айтты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебреесус әлемде коронавирус жағдайы ушығып тұрғанын және вирустың таралуы күшейгенін айтты. Сонымен қатар ол әзірге ешбір мемлекет жағдайды бақылауға ала алмағанын атап өтті, деп хабарлайды The Guardian.
«Әлемнің көп жерінде вирус бақылауға алынған жоқ. Жағдай ушығып барады. Қазір ДДСҰ 11,8 млн адамның COVID-19 жұқтырғанын тіркеді. 544 мыңнан астам адам қайтыс болды. Әлемде коронавирустың таралуы күшейіп жатыр», - деді Гебреесус.
Оның айтуынша, соңғы 6 аптада вирус жұқтырғандар саны екі есе артқан.
«Ауру шекара дегенді білмейді. Ол біздің саяси ерекшелігімізге де, экономикамызға да қарамайды. Пандемия мұның бәрін талқандады. Коронавирус денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктердің, теңсіздіктердің бетін ашты», - деді ДДСҰ басшысы.