Instagram-дағы бастартудан – бес жылға созылған цифрлық қорқынышқа дейін
Әлеуметтік желідегі қарапайым бас тартудан басталған оқиға бір отбасының өмірін жылдар бойы үрей мен қорқынышта ұстады. Ұлытау облысында CyberPol қызметкерлері киберқудалаудың ең ұзаққа созылған істерінің бірін ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бес жылға жуық уақыт бойы күдікті анонимді аккаунттар мен цифрлық бүркеншік аттарды пайдаланып, бір отбасын жүйелі түрде қудалаған. Алғашында қысым тікелей қызға көрсетілген – бопсалау, қорқыту, жалған ақпарат тарату.
Кейін қудалау одан да қауіпті деңгейге өткен. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, күдікті шынайы адамдарды имитациялайтын интимдік сипаттағы жалған фото және бейнематериалдар жасаған. Бұл материалдар интернетте таратылып, туыстарына, таныстарына және үшінші тұлғаларға жіберілген.
2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген аноним қыздың болашақ күйеуінің отбасына ар-намысына нұқсан келтіретін жалған бейнематериалдарды жолдаған. Соның салдарынан үйлену тойының жоспары бұзылған.
Қыз цифрлық кеңістіктен толықтай кетуге тырысқан кезде, қудалау оның жақын туысына бағытталған. Интернетте жалған анкеталар мен материалдар таралып, отбасының, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнген.
«Күдіктінің өзін толықтай жазасыз әрі анониммін деп санағанына қарамастан,киберполиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында оның жеке басын анықтады. Заманауи цифрлық технологиялар мен талдау құралдарының көмегімен көп жылға созылған онлайн-қудалаудың артында тұрған нақты күдікті әшкереленді.
Күдікті ретінде Сәтбаев қаласының 22 жастағы тұрғыны анықталды. Ұстау шарасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен оның тұрғылықты мекенжайында жүргізілді.
Тінту барысында пайдаланылған компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу оның басқа да киберқылмыстарға қатыстылығын тексеруде», – делінген Ұлытау облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.