БҚО-да бухгалтер компанияның 118 млн теңгесін букмекерлік кеңсе арқылы бәске тігіп жіберген

Автор: Асыл Арман

Ойынға тәуелділік ірі бюджет жымқыруға әкелді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік кәсіпорындардың бірінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, лудоманияға шалдыққан кәсіпорынның бухгалтері компания қаражатын заңсыз пайдаланып, оларды «1XBet» букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сондай-ақ ұрланған ақшаға жаңа автокөлік сатып алған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 118 миллион теңгені құрады.

«Бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде заңсыз иемдену фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеуді арнайы прокурорлар жүргізуде. Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр, автокөлікке тыйым салынды.

Аталған жағдай ойынға тәуелділіктің мемлекет мүдделеріне елеулі зиян келтіретін ұрлық және өзгеде қылмыстарға алып келуі мүмкін екенін көрсетеді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында прокуратура органдарының қадағалау актісі негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тігуге қатысқаны үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан босатылған.