БҚО-да ер адам өзін заңсыз қамауға алған органды сотқа беріп, 7,7 млн теңге өндіріп алды

Автор: Асыл Арман

Оның қамауда, үйқамақта болғаны анықталды

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында ер адам заңсыз қылмыстық қудаланғаны үшін өтемақы өндіріп алды. 2023 жылы ол алты ай уақытша ұстау изоляторында отырып, кейін тағы бір ай үйқамақта болған. Ұзақ тексерулер мен бірнеше мәрте жауап алынғанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокурордың шешімімен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыдан кейін ер адам республикалық мемлекеттік мекемеге қарсы сотқа талап арыз беріп, 15 миллион теңге моральдық зиян және 4 миллион теңге материалдық шығын өндіруді сұраған. Ол осы уақыт бойы тұрақты күйзеліске түсіп, психологиялық қысым мен қорқытуға ұшырағанын, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдары тарапынан құрметсіз көзқарасқа тап болғанын көрсеткен.

«Сот талапкер М.-ға қатысты заңсыз қылмыстық қудалау болғанын, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген моральдық зардаптардың расталғанын анықтады. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғалуы салдарынан талапкер М. жұмысынан айырылып, тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болған», – делінген хабарламада.

Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырды. Оның пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы, 4 миллион теңге материалдық шығын және өкілдің қызметіне жұмсалған 700 мың теңге өндірілді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.