Тұтынушылар тарапынан салон қызметіне шағым көбейген
Астананың қақ ортасында орналасқан сұлулық салоны клиенттерді несиеге қалай батырып отыр? Редакциямызға бірқатар клиенттен астаналық сән салонының манипуляция арқылы несие рәсімдейтіні жайлы шағымдар келіп түсті. 2Gis қосымшасында да «Lumiere Center» деп аталатын сұлулық салонының қызметкерлері тегін прпоцедураларға шақырып, артынан манипулияция жолымен несие алуға мәжбүрлетіні жайлы пікірлер жетіп артылады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Клиенттер салон әртүрлі нөмірлер арқылы хабарласып, тегін процедураларға шақыратынын жеткізген. Пікір жазғандардың басым бөлігі өзгелер алданып қалмас үшін ескерту ретінде дабыл қаққан.
«Алданып қалмаңыздар, бұл клиникаға бармауға кеңес беремін. Алдымен қоңырау шалып, тегін процедураға шақырады. Кейін түрлі сылтаумен несие рәсімдетеді. Процедуралар сапасыз, дұрыс жасалмайды. Оларға бастысы абонемент сату ғана. Сенбеңіздер, бармаңыздар»
«Бұл – өте жаман ұйым. Абай болыңыздар. Пікірлерде қысым көрсету, бағалардың үнемі өзгеруі және несиеге итермелеу туралы жазылған оқиғалар бар, мұның бәрі шындық. Ал жоғары баға қойылған пікірлерге назар аударсаңыздар, олардың көбін клиниканың өзі жазғаны көрініп тұр: мәтіндері бірдей, көшірілген»
«Менің анам - зейнеткер. Акцияға келіп, дәл осындай қысым мен несиеге байланысты жағдайға тап болды. Мінезінің жұмсақтығы мен дауласа алмауына байланысты, оның телефоны арқылы 490 мың теңгеге несие рәсімдеп берген. Мұндай әрекетке барған қызметкерлерден шошып отырмын.Ақшаны қайтару үшін барғанда да, өз сөздерінде жасырын мысқылға жол берді, яғни, «анаңыз мұнда келгенде бақытты болған» дегендей. Қысқасы, бұл жерді ешкімге ұсынбаймын және осындай қызметкерлері бар мекемеден жақындарыңызды қорғауға шақырамын»
Редакция бұл оқиғалардың шындығына көз жеткізу үшін аталған салонға барып, зерттеу жүргізді. Сұлулық салонына жазылған кезде күмән тудыратын дүниенің бірі - олардан бірден адамның жасын сұрайды. Ақмешіт, 9 мекенжайында орналасқан сұлулық салоны аппарат арқылы адамның бетіне диагностика жасайды екен. Оның барысында қызметкер жаны ашыған адамның кейіпінде «біздің салон сізге көмек көрсетеді» деген желеуді басышылыққа алып, әңгіме барысында бірнеше рет осы сөзді қайталап, жанашырлығын есіңізге сала береді.
Олардың айтуынша, сән салоны 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Астанада ашылғандарына 3 ай болған. Диагностикадан кейін косметолог теріңіздің өте нашар екенін айтып, шұғыл түрде емге кірісу керек екенін жазып береді. Осылайша, процедураға жазылған адамды алдын ала 20-30 минут «өңдейді». Бұлай дейтініміз, әдетте сән салондары процедураға жазылған клиентке бірден қызмет көрсетуге кіріседі. Бұл ұйымның осы әрекеті сұрақты көбейтіп, күмәнды еселетеді.
Процедураға кіріскен сән қызметкері кәсіби косметологқа жүгіну жайлы, бет-әлпеттің жас, сау болуына қандай процедуралар жасау керегін айтып әлек болады. «Айына бет күтіміне қанша қаражат жұмсай аласыз? Аптасына неше рет сән салонына келе аласыз?» деген сұрақтарды көбейтеді. Осылайша, манипуляция мен үгіттеуге толы 30 минут өтеді.
Кейін қызметкер клиенттің бетіндегі барлық кемшілікті тізіп, міндетті түрде 2-3 айлық процедура алу керегіне сендіреді. Осылайша, бір сағат бойы клиентті «өңдеген» қызметкер бастығын шақырып келеді.
Ол қызметкер клиенттің барлық «кемшілігі» жайлы ақпараттанған. Дәл осы салонда «емделу» үшін бірнеше процедураны көрсетіп, қомақты қаражат шығатынын айтады.
Дәл маған бет терімді емдеу үшін 540 мың теңген керек болып шықты. Қолма-қол ақша бойынша жағдайы келмеген клиентке 12 айлық бөліп төлеу немесе несие алуға мүмкіндік бар екенін айтады. Осылайша, 540 мың теңгені 12 айға 45 мың теңгеден бөліп, үш айлық процедураны алуға үгіттейді. Тікелей салон арқылы несие рәсімдеу нұсқасы да бар екен. Ол клиенттің төлеу тарихы бұзылса да несие рәсімдей беруге мүмкіндік береді-мыс.
Сөйтіп, 15 минуттық процедураға жазылған клиентке 1,5 сағат үгіт-насихат жүргізеді. Мұндай схемаға әлжуаз, егде жастағы зейнеткерлер, қариялар алданып қалатыны анық. Оны пікірлер де дәлелдеп отыр.
ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ КЕЗІНДЕ ЖАСЫРЫН ВИДЕО ТҮСІРУ ЗАҢДЫ МА?
Сән салонына барған журналист жасырын съемка жасағандықтан, материалда оны жариялау қаншалықты заңды екенін түсіндіру мақсатында заңгер Сергей Уткинге хабарластық.
«Біздің заңнамада түсірілімнің жасырын не ашық түрде жүргізілуі тікелей реттелмеген. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда журналистің құқықтары көрсетілген, сол құқықтардың бірі фото, бейне және өзге де техникалық құралдарды пайдалану. Жалпы қағида мынадай: журналист заңмен тыйым салынбаған барлық жерде және барлық уақытта түсіре алады. Яғни, жасырын немесе ашық түсірілім екені негізгі мәселе емес. Бірақ арнайы техникалық құралдарды қолдануға болмайды. Мысалы, қаламға, түймеге орнатылған мини-камералар сияқты арнайы жасырын түсіру құралдарын Қазақстан аумағына әкелуге де, пайдалануға да тыйым салынған. Мұндай құралдарды қолдануға болмайды», - дейді заңгер.
Сергей Уткин атағандай, егер қолыңыздағы қарапайым, заңды түрде сатып алынған құрылғы болса (ұялы телефон, бейнекамера, смарт-көзілдірік) және оны ашық көрсетпей қолдансаңыз (мысалы, телефонды мойынға іліп қойып, камераны алдын ала қосып қою), бұл заңды. Заңда «міндетті түрде ескерту керек» деген нақты талап жоқ.
«Енді жасырын түсірілген материалдарды жариялауға келсек, иә, жариялауға болады. Бұл мәселе «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 14-бабымен реттеледі. Жалпы ереже бойынша, адамның бейнесін оның келісімінсіз жариялауға болмайды (Азаматтық кодекстің 145-бабы – бейнеге құқық). Бірақ бұл ережеде ерекшеліктер бар, және олар дәл осы 14-бапта көрсетілген», - дейді ол.
Аталған баптың 2-тармағының 2 және 3-тармақшаларына назар аудару қажет:
«Егер адамның беті бұлыңғыр болса (blur) тіпті қауіпсіз, бірақ кей жағдайларда мүлде бұлыңғырламай жариялауға да заң рұқсат етеді. Түсірілім қоғамдық қолжетімді жерде жүргізілсе (мысалы, қызмет көрсету салоны, фронт-офис), бұл да заңды. Мұнда ең басты тәуекел жеке өмірге қол сұқпау. Жеке өмір құпиясы Конституциямен де, Азаматтық кодекспен де қорғалады. Бірақ бұл ұғым көбіне жеке тұлғаларға қатысты. Ұйымдарға қатысты әдетте коммерциялық құпия мәселесі туындауы мүмкін», - дейді Уткин.
Заңгер атағандай, егер сөз болып отырған орын кез келген адам еркін кіре алатын кеңсе, салон, қызмет көрсету орны болса, онда ол шартты түрде жария орын болып есептеледі.
«Ондай жерде адамдар бәрін көріп, естіп жүр, сондықтан құпия туралы айту қиын. Мұндай жағдайда ұйымнан арнайы рұқсат сұрамай-ақ түсірілім жүргізуге болады. Егер түсірілім адамдардың жеке өміріне қатысты болмаса, ал олар өз қызметін атқарып отырған болса және орын қоғамдық қолжетімді болса – мұндай материалдарды жариялауға болады. Тіпті бет-жүзін жаппай жариялауға да заң рұқсат етеді, ал егер бұлыңғырласаңыз, тіптен қауіпсіз болмақ», - дейді ол.
Ал танымал заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, мұндай жолмен қызмет ететін ұйымдардың жұмысын алаяқтыққа жатқызу қиын, алайда олар азаматтардың шарт еркіндігін бұзуы әбден мүмкін. Бұл азаматтық іске жатады.
«Азаматтық кодексінің 380-бабында шарт еркіндігі бекітілген. Шарттың мазмұнына қатысты нормалар 382-бапта қарастырылған. Бұл – заңда көзделмеген негіздермен тарапты шарт жасауға мәжбүрлеу немесе шарт талаптарын заңға қайшы түрде шектеу. Егер заңда міндет көзделмесе, ешкімді шарт жасасуға күштеп көндіруге болмайды. Мысалы, бір тарап екінші тарапқа өзіне тиімсіз, әділетсіз талаптарды зорлықпен немесе қысыммен енгізсе, осы бапқа жатқызуға болады. Тұтынушы құқығын шектеу «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға қайшы талаптар да шарт еркіндігін бұзу болып есептелуі мүмкін», - деді заңгер.
Аталған сән салоны сияқты жұмыс істейтін ұйымдар қызметінің заңдылығы мен рұқсатына қатысты редакция Қаржы мониторингі агенттігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады.