Жаңа Конституцияға осы редакция енгізілді
Конституциялық комиссия отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов меншік нысандарына қатысты жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жаңа Конституция жобасы бойынша Конституциялық комиссияға әртүрлі ұсыныстар келіп жатыр. Азаматтар, қоғам қайраткерлері, құқықтанушылар мен ұйымдар, комиссия мүшелері жоғары белсенділік танытуда. Оларды зерделеу аясында жобаға қосымша нормалар енді. Конституция жобасының 8-бабында меншіктің екі нысаны танылады және тең қорғалады делінген. Ол мемлекеттік және жеке меншік. Көп ұсыныстарда бұл норманың барлық меншік нысандарын қамтымайтынына алаңдаушылық білдірілген. Осы орайда аталған баптың бірінші тармағы мынадай редакцияда ұсынылады:«Қазақстан Республикасында барлық меншік нысандары танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады», - деді Нұрмұханов.
Оның айтуынша, жобаның он төртінші бабы адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен міндеттерінің жалпы мәселелеріне арналған.
«Оның ережелері осы саладағы жалпыға бірдей танылған халықаралық актілердің қағидаттарына, адамның табиғи құқықтары тұжырымдамасына негізделеді. Аталған баптың екінші тармағында: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкім айыра алмайды» деп көрсетілген. Көптеген азаматтар мен мамандар бұл норманы күшейтуді ұсынуда. Ол үшін оған: «Адам құқықтары мен бостандықтары Қазақстан заңнамасының мазмұны мен қолданылуын айқындайды» деп қосуды сұрайды. Бұл туралы әріптестеріміз Виктор Малиновский мырза мен Индира Аубакирова ханым жақсы айтты. Олардың пайымдауынша, бұл түзету мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деген қағиданы тағы бір мәрте айқындап, толықтыра түсер еді. Аталған құндылықтар заң шығарушы, өзге де құқық шығармашылық және құқық қолдану субъектілеріне өздеріне жүктелген өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде басты бағдар болуға тиіс», - деді ол.
Бақыт Нұрмұханов атағандай, аталған ұсыныстарды ескере отырып, бұл тармақтың келесідей редакциясы ұсынылады: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкім айыра алмайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады».
«Он төртінші баптың үшінші тармағына да маңызды толықтыру көзделіп отыр. Онда Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен міндеттері бар делінген. Азаматтық адамның мемлекетпен конституциялық-құқықтық байланысын білдіреді. Бұл байланыс аясында тұрақты әрі үздіксіз қарым-қатынастар өрбіп, олардың өзара құқықтары мен міндеттері болады. Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық-құқықтық мәртебесіне сәйкес, олар Конституцияда белгіленген құқықтар мен бостандықтардың және міндеттердің толық көлеміне ие және заң алдында тең болады», - деді ол.
Нұрмұхановтың айтуынша, аталған баптың бесінші тармағы да нақтыланды.
«Өзгерген редакция бойынша адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиіс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге тиіс.Жекелеген ұсыныстар Республика президентінің құрылтайды тарату жөніндегі өкілеттіктеріне, заң шығарушы органды таратуға шектеулер мен келістіру мәселесіне қатысты болып отыр. Олар жайлы комиссия мүшелері Мұрат Әбенов және Марат Шибұтов мырзалар айтты», - деді ол.
Нұрмұханов атағандай, бүкілхалықтық талқылау үшін жарияланған Конституция жобасында Мемлекет басшысының бұл өкілеттіктері императивтік түрде бекітілген.
«Яғни ұсынылған кандидатураны тағайындауға, сайлауға келісім беруден қайталап бас тартылған және өзге де жағдайларда құрылтайды тарату міндетті түрде көзделген болатын. Енді аталған Республика Президентінің өкілеттіктерін диспозитивтік нысанда тұжырымдап, Мемлекет басшысының құқығы ретінде бекіту ұсынылады.Тиісті өзгерістер қырық алтыншы баптың екінші, төртінші, сегізінші тармақшаларына, елу жетінші баптың бірінші тармағына, алпыс екінші баптың бірінші және екінші тармақтарына енгізілді.Сонымен қатар көрсетілген конституциялық нормаларда құрылтайды таратуға шектеулер қойылады. Төтенше немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның елу бірінші бабында белгіленген жағдайларда құрылтайды таратуға болмайды. Соңғы шектеу Конституцияда белгіленген жағдайларда Президенттің өкілеттіктерін өзіне қабылдаған тұлғаға қатысты қолданылады», - деді ол.