Атырау әуежайында «бомба» туралы әзілдеген жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Осыдан 3 ай бұрын әзілмен айтылған жалған хабардың салдарынан әуежай жұмысы бірнеше сағатқа тоқтап қалды

Фото: istockphoto.com

2025 жылғы қарашада Атырау халықаралық әуежайында жолаушының жауапсыз әзілінен кейін әуежай жұмысы уақытша тоқтап қалған еді. Оқиғадан кейін жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Облыстық көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, «Атырау – Алматы» бағытына тіркелу кезінде қызметкерлердің қол жүгінің ішінде не бар деген сұрағына жолаушы «бомба бар» деп жауап берген. Қауіпсіздік талаптарына сай әуежай қызметкерлері жедел әрекет етіп, барлық жолаушы эвакуацияланған, әуежай аумағы қоршауға алынған. Осыған байланысты рейстер уақытша тоқтатылып, жүк пен ғимаратты тексеру үшін жедел қызметтер шақырылған.

Арнайы қызмет өкілдері жүргізген тексеру барысында хабардың жалған екені анықталды. Зардап шеккендер жоқ.

Аталған дерек бойынша көліктегі полиция департаменті «терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Заңға сәйкес, ер адамға 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. 2026 жылғы есеппен бұл айыппұл мөлшері 21 625 000 теңгеге дейін жетеді.