Шымкентте жоқ пәтерлерді жалға беріп, ақша алған күдікті әйел ұсталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әлеуметтік желілерде жалған хабарландыру жариялап, алдын ала төлем талап еткен

Фото: pixabay.com

Шымкентте тұрғындарды алдап, жоқ пәтерлерді жалға беремін деп ақша алған күдікпен әйел адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер мен танымал жарнама платформаларында пәтерді жалға беру туралы хабарландырулар орналастырған. Жалға алуға ниет білдірген азаматтармен байланысқа шыққан соң, ол алдын ала төлем жасауды талап етіп отырған. Ақшаны алғаннан кейін күдікті байланысын үзген.

Тексеру барысында әйелдің кемінде 4 алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Полиция интернет арқылы тұрғын үй жалдау кезінде сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Азаматтарға белгісіз тұлғаларға алдын ала ақша аудармау, пәтердің нақты бар-жоғын тексеру, тек сенімді сервистерді пайдалану және жалға алу келісімшартын міндетті түрде рәсімдеу ұсынылады.