Ол Ата заңда ғылым мен білімге де ерекше мән берілгенін атап өтті
Абай облысы мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Шалқар Байбеков Конституциялық комиссия отырысында Абай жұрты жаңа Конституция жобасына енген өзгертулерді қолдайтынын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Жаңа Конституция жобасы – еліміздің келешек дамуына бағыт-бағдар беретін аса маңызды құжат. Онда мемлекеттің берік іргесін қалайтын негізгі құндылықтар нақты әрі айқын белгіленген. Жобаның өзегінде адам, оның білімі, денсаулығы және қоршаған ортасы тұр. Абай халқының өркендеуі ең алдымен парасат пен танымға байланысты екенін айтқан ұлы ойшылдың туған жері қашан да руханият пен ағартушылықты, мәдениет пен білімді биік қойған, ой еркіндігін басты құндылық санаған өңір. Бүгін осы тарихи ұстаным жаңа Конституция жобасында айқын көрініс тауып, мемлекеттің басым бағыты ретінде белгіленіп отыр. Бұл Абай облысы үшін ерекше маңызы бар шешім», - дейді Байбеков.
Оның айтуынша, ғылымның конституциялық деңгейде бекітілуі тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас өңірлердің өркендеуіне жол ашады.
«Жоғары оқу орындары нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Ең бастысы жастардың туған жерінде қалып, елге қызмет етуіне жағдай жасалады. Зияткерлік әлеуеттің дамуы жас ізденушілер мен шығармашылықпен айналысатын азаматтарға кең мүмкіндік береді. Нәтижесінде ойы озық, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады. Сондай-ақ жаңа жобада оқу-ағарту жүйесі мектептен бастап ғылым мен инновацияға ұласатын тұтас жол ретінде қарастырылған. Яғни адами капитал экономикалық және әлеуметтік дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналмақ», - дейді ол.
Шалқар Байбеков атағандай, экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған.
«Абай облысы үшін бұл аса өзекті тақырып. Өңіріміз ұзақ жылдар бойы экологиялық зардапты бастан өткерді, оның салдары халық денсаулығына тікелей әсер етті. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті Ата заң деңгейінде бекіту уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Табиғатты сақтау тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ борышы болуы тиіс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы біз келешекке қауіпсіз әрі таза орта қалдыра аламыз. Мықты ел болуымыз, өсіп-өркендеуіміз, ұрпағымыздың бақыты мен ең бастысы алаңсыз өмірі осы Ата заңға тікелей байланысты. Бұл Конституция жобасы бір күннің немесе бір аптаның ішінде жасалған құжат емес, ұзақ уақыт бойы сараланып, кеңінен талқыланған, ортақ ақылға негізделген еңбек нәтижесі.Ұлы Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген өсиетіне сүйене отырып, Абай облысының мәслихаты мен өңір тұрғындары жаңа Ата заң жобасын толық қолдайды», - дейді мәслихат төрағасы.