Абай облысының тұрғыны TikTok арқылы терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Оған қатысты іс сотта қаралып, үкім шықты

Фото: istockphoto.com

Абай облысының тұрғыны әлеуметтік желіде терроризмді насихаттағаны үшін 7 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында онлайн-платформаларды пайдалана отырып терроризмді насихаттады деп айыпталған Семей қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды.

Қазақстан Республикасында «Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымының қызметі террористік деп танылып, тыйым салынған.

«2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың сәуір айына дейін айыпталушы «TikTok» әлеуметтік желісіндегі анонимді аккаунттар арқылы, сондай-ақ азаматтармен жеке әңгімелер барысында террористік сипаттағы материалдарды таратқан. Аталған материалдар зорлық-зомбылық идеологиясын қамтып, террористік қызметті ақтаған.

Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігімен (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енді.