Заң талабы: Нұрлан Сабуров Ресейге қандай жағдайда қайта кіре алады?

Автор: Мөлдір Қазыбай

Заңгерлер әзілкешке салынған тыйымды алып тастаудың ықтимал тетіктерін түсіндірді

Фото: @nurlan__saburov/instagram

Ресей аумағына кіруге тыйым салынған танымал әзіл жанрының жұлдызы Нұрлан Сабуров үшін бұл шектеуді жоюдың заңдық мүмкіндігі бар. Алайда ол белгілі бір саяси-құқықтық талаптарды орындауы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

РИА агенттігінің ақпарынша, Мәскеу Құқықтық тәртіп орталығының жетекшісі Александр Хаминский тыйымды сот арқылы даулауға болатынын мәлімдеді. Бірақ бұл жолда шектеуге негіз болған себептердің қазір өзектілігін жоғалтқанын немесе бастапқыда дәлелсіз болғанын дәлелдеу қажет. Ең ықтимал әрі жылдам тетік жолы - Сабуровтың Ресейдің саяси бағытына қатысты бұрынғы ұстанымын ашық түрде қайта қарауы. Осыдан кейін ол құзырлы органдарға елге кіруге қойылған тыйымды алып тастау немесе оның мерзімін қысқарту туралы өтініш бере алады.

Заңгер Хаминский қазақстандық әзілкешке қатысты шектеудің бірнеше факторға байланысты екенін алға тартты. Атап айтқанда, Украинадағы соғысқа қатысты ашық сыни пікірлер, «антиресейлік мәлімдемелер», сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзуға қатысты деректер тыйым салуға негіз болған.

Сонымен бірге, елге кіруге тыйым салынуы оның азаматтық-құқықтық мүмкіндіктерін толық шектемейді. Сабуров Ресей аумағындағы мүлкіне, соның ішінде Мәскеу маңындағы жылжымайтын мүлікке иелік етіп, оны еркін иеліктен шығара алады. Бұл құқық тек оны «шетел агенттері» тізіміне енгізген жағдайда ғана шектелуі мүмкін.

Ал заңгер Евгения Сабитованың түсіндіруінше, комик Ресейде тіркелген бизнесін де заң аясында жалғастыра алады. Ол үшін салық есептілігін уақытылы тапсырып, міндетті төлемдерді төлеуі жеткілікті. Қолданыстағы заңнама елге кіруге тыйым салуды жеке кәсіпкерлікті немесе заңды тұлғаны автоматты түрде жабуға негіз ретінде қарастырмайды.