Полиция бұл оқиғаларды елге қарсы бағытталған қасақана шабуыл деп бағалап отыр
Италияда Қысқы Олимпиаданың алғашқы күні теміржол инфрақұрылымына бағытталған бірқатар қасақана шабуылдар тіркелді. Елдің солтүстігінде қысқа уақыт аралығында жасалған үш диверсия салдарынан жоғары жылдамдықты пойыздардың қозғалысы бұзылып, мыңдаған жолаушы жолда қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters мәліметінше, таңғы уақытта Болонья орталық вокзалына жақын маңда теміржол желілерінің электр сымдары әдейі кесілген. Бұл әрекет Болонья мен Венеция арасындағы пойыз қозғалысының уақытша тоқтауына алып келді.
Араға аз уақыт салып, Пезаро қаласындағы теміржол инфрақұрылымына тиесілі трансформаторлық қондырғы өртке оранды. Ал Падуя бағытына апаратын жол учаскесінде қозғалысқа тікелей қауіп төндіретін қолдан жасалған жарылғыш зат табылып, қауіпсіздік мақсатында бұл бағытта да пойыздардың жүруі шектелді.
Жергілікті құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметінше, бұл оқиғалар өзара байланысты және алдын ала жоспарланған қасақана әрекеттер болуы мүмкін. Полиция бұл қасақана әрекеттерді анархистік бағыттағы топтардың Олимпиада ойындарына қарсы ұйымдастырған акциялары болуы мүмкін деп есептейді. Тергеу барысында шабуылдардың уақыты мен нысандары Олимпиаданың басталуымен тұспа-тұс келуіне байланысты осы нұсқа басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Аталған қылмыстық әрекеттерді Ішкі істер министрлігінің терроризмге қарсы бөлімшесі – Digos тексеру жүргізуде.
Сондай ақ, қысқы Олимпиада аясында Италияда қауіпсіздік күшейтілгеніне қарамастан, Милан қаласында жаппай наразылық акциясы өтті. Полицияның мәліметінше, тұрғын үй бағасының қымбаттауы мен экологиялық мәселелерге қарсы ұйымдастырылған шеруге шамамен 10 000 адам шыққан.
Айта кетейік, Италияда өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын сегіз спорт түрінен барлығы 36 спортшы қорғайды.