Оқу-ағарту министрлігі өңірге арнайы комиссия жіберді
Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиғадан кейін аталған білім беру ұйымының директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде мектеп оқушысының өзге балаларға балта ұстап жүгірген сәті бейнеленген видео кең тараған соң, жағдайға Оқу-ағарту министрлігі назар аударды. Ведомство мәліметінше, өңірге арнайы комиссия жіберіліп, мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен тәрбие жұмысының жай-күйі жан-жақты тексеріледі.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, мектеп қабырғасында орын алатын кез келген құқық бұзушылық, соның ішінде балалар арасындағы буллинг, төбелес пен әлімжеттік басқарушылық және құқықтық тұрғыдан нақты бағалануы тиіс. Осыған байланысты Құлсарыдағы аталған мектептің директоры қызметінен босатылған.
Еске салайық, 5 ақпанда «102» нөміріне Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал шығып, оның соңы шабуылға ұласқаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан 2 оқушы жеңіл жарақат алған.
Полиция қызметкерлері 10-сыныпта оқитын жасөспірімді ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.