Тонналап ет ұрлаған павлодарлық тұрғынға сот үкімі шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Жұмыстан шығып кеткен ол қойманың кілтін өзінде қалдырған

Фото: © istockphoto.com

Павлодар қаласында бұрынғы жұмыс орнынан жаппай ет өнімдерін тасыған 25 жастағы тұрғынға қатысты сот шешімі шықты. Ол екі апта ішінде жалпы салмағы 1,2 тонна болатын өнімді қолды қылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Жұмыстан шықса да, кілтін қайтармаған

Тергеу материалдарына сүйенсек, айыпталушы өткен жылдың сәуір айынан тамыз айына дейін жеке компанияда жүк тасушы болып жұмыс істеген. Жұмыстан шығып кеткенімен, қойманың кілтін өзінде қалдырған. Қыркүйек айында ол «оңай олжаға» кенелуді ұйғарып, түнделетіп қоймаға заңсыз кіріп бастаған.

Сотта белгілі болғандай, ер адам қоймадан шығарған қораптарды алдымен жақын маңдағы жерге дейін тасып, кейін такси шақыртып отырған. 

«Ұрланған етті үйімнің жертөлесінде сақтап, кейін қала дүкендеріне арзан бағада саттым. Нақты уақыты есімде жоқ, бірақ алты рет қоймаға кірдім», — деп мойындаған еді.

Келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық. Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, шығынды бөліп төлеуге уәде берді және бас бостандығынан айырмауды өтінді.

«Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ер адамды кінәлі деп танып, оны 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Енді ол жазасын колонияда өтейді», — делінген сот үкімінде.