Маңғыстау облысында сталкинг деректері бойынша қылмыстық істер тіркелді
Маңғыстау облысында полиция екі сталкинг ісі бойынша тергеу жүргізуде, екі жәбірленуші де бұрынғы таныстарының қыр-соңынан қалмай жүргеніне шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 13 қаңтарда «Е-өтініш» жүйесі арқылы 1987 жылы туған азаматша бұрынғы танысына қатысты шара қолдануды сұрап, арызданған. Оның айтуынша, 2025 жылы қарым-қатынас тоқтатылғанына қарамастан, ер адам оны аңдып, еркінен тыс байланыс орнатуға әрекет жасаған.
Аталған дерек бойынша Мұнайлы аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің «Заңсыз қудалау» бабымен қылмыстық іс тіркелді. Бұған дейін күдікті ұсақ бұзақылық және тұрмыстық құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 3 ақпанда Ақтау қаласында тағы бір ұқсас дерек тіркелді. Жәбірленушінің мәліметінше, бұрынғы танысы оны 2024 жылдың қазан айынан бері қудалап, әртүрлі нөмірлерден шамамен 300 рет қоңырау шалған, тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнына барған.
«Қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге қорғау нұсқамасы шығарылған. Алайда ол талаптарды бұзып, заңсыз әрекеттерін жалғастырған. Осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген ПД хабарламасында.