Зардап шеккендер жасанды өкпе желдету аппаратына қосылды
Ақтауда таңертең 29А шағынауданында орналасқан техникалық қызмет көрсету станциясында ірі өрт шықты. Екі қабатты орталықтың бес гараж боксының екеуін өрт шарпып, бірнеше автокөлік толықтай жанып кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, өрт салдарынан станцияның екі қызметкері зардап шеккен. Екеуі де ауыр хәлде облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Зардап шеккендер жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Бір қызметкердің денесінде ауқымды термиялық күйіктер анықталса, екіншісінде II-III дәрежелі күйік пен тыныс алу жолдарының ингаляциялық зақымдануы тіркелген.
Орталық ішінде үш автокөлік зақымданған: бірінің қозғалтқыш бөлігі мен салоны жанып кеткен, тағы екі көлік толықтай өртеніп кеткен. Сонымен қатар сыртта тұрған көліктер де зақым алған. Өрт аумағы ғимараттың жалпы ауданы 600 шаршы метр болған жағдайда шамамен 150 шаршы метрді құрады.
Өрт 09:21-де оқшауланып, 10:43-те толықтай сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері, полиция және апат медицинасы қызметтері жұмылдырылды.